Жол сақшылары: Боранға қарамастан жолға шыққандар азаймай тұр

Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апаты болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос көлік қақтығысып, 4 адам қаза тапты. Тағы 6 адамның ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгені мәлім. Олар полицейлердің ескертуіне қарамастан, боранды күні жолға шығып кеткен екен.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Қос көліктің сау-тамтұғы қалмаған. Төрт адам қаза тапты, 6 адамды жедел жәрдем жақын маңдағы ауруханаға алып кетті. Жол сақшылары ескертіп еді. Бармаңдар деген. Бірақ таксист бой бермей, боранды күні жолға шығыпты.

Жанболат Жаншин, облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы:

- Трасса тайғақ. Сосын қар борап тұр. Түк көрінбейді. Бір апта бұрын ғана тап осы жолда 6 адамның тағдыры талқандалып еді. Ал павлодарлық мына тұрғынды періштесі қаққан екен. Құтқарушылар дер кезінде келіп үлгерді.

Күн күрт суытқан соң Қостанайда автобус тоқтаған. Аялдамада қалып қойған жолаушыларды үйлеріне құтқарушылар жеткізіп жатыр.

Табиғат шәлкез мінез танытып жатыр. 8 бірдей өңірде дауылды ескерту жарияланды. Ұзын-ырғасы 50 шақты ірі жол жабылды. Полиция көлік қозғалысына шектеу қойды.

Қайрат Амангелдинов, ҚР ТЖМ Дағдарыс орталығының кезекші бөлім бастығы:

- Қауіпті аймақтарға 900-ге жуық қызметкер мен 500-ден аса арнайы техника жұмылдырылған. Олар өткен тәулікте 140 адамды қар құрсауынан құтқарды. Арасында 31 бала бар. Олардың барлығы жылыту бекеттеріне жеткізілді.

Қазір елде 500-ге жуық жылыту бекеті жұмыс істеп тұр. Мамандар шұғыл желіні іске қосқан. «Қапыда қар құрсауында қалып қойғандар болса, 112 нөміріне хабарлассын», дейді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы