Өткен аптада елімізде 200 барымташы ұсталды

Былтыр елімізде 3 мыңға жуық мал ұрлығы тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басым бөлігін барымташылар даладан әкеткен. Өткен аптаның өзінде жұрттың төрт түлігіне қол салған 200-ге жуық адам ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Соның бірі Қарағанды облысында 500-дей жылқыны айдап әкеткен барымташы. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қолға түсіріліп, ұрланған төрт түлік иелеріне қайтарылды. Жамбыл облысында да осындай қылмыстың беті ашылды. Ресми дерек бойынша былтыр елімізде 1500 барымташы ұсталып, 14 мың мал ұрланған.

Думан Таев, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы:

- Өткен аптада республика бойынша мал ұрлығына қатысты 224 дерек тіркелді. 200-ге жуық адам қамауға алынды. Олар барымталап кеткен 600-ден аса мал иелеріне қайтарылды. Одан бөлек, төрт-түлік өнімдерін тасымалдаған 3 мың көлік тексерілді. Ет өндіретін цехтардың жұмысы да назарға алынды. Нәтижесінде құжаты жоқ малды қабылдап, тасымалдаған азаматтарға әкімшілік айыппұл салынды.