ШҚО-да желден колледждің шатыры ұшты

Өткен тәуліктегі екпінді жел Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласындағы техникалық колледж ғимаратының шатырын жұлып әкетті. Төрт қабатты нысан төбесінің 300 шаршы метр аумағы зақымданған. Бұл оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір сол маңда жергілікті атқарушы билік өкілдерінен құралған комиссия жұмыс істеп жатыр.

Семейде ағаш өңдейтін кәсіпорын аумағында өрт шықты. Оқиға орнында кесінді ағаш материалдары жанған. Қызыл жалын 250 шаршы метрді қамтыған. Оны сөндіруге 8 арнайы техника, 25 адам тартылды. Қазір өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр.

Екібастұз қаласында аса ірі көлемде есірткі тасымалдады деген күдікпен ер адам ұсталды. Оның «Toyota Carina» маркалы автокөлігінің ішінен ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған 3 брикет пен бір полиэтилен пакет табылды. Жалпы салмағы 12 келіден асады. Сараптама қорытындысында оның кептірілген марихуана екендігі дәлелденген.

Жасқайрат Кайыров, Павлодар облыстық ПД басшысының орынбасары:

- Күдікті Екібастұз қаласының  тұрғыны  қамауға алынды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 296-бабы бойынша сотқа дейінгші тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы тәулікте ғана Балқаш көлінен заңсыз балық аулаған екі топ ұсталды. Олардан төрт моторлы қайық, екі мың метр ау және 300 дана қармақ ілмегі алынған. Ал Приозер қаласынан шамамен сегіз шақырым жерде көл жағасынан браконьерлердің жасырын қоймасы табылды. Моторы бар резеңкелі қайық, бірнеше ау мен дайын қапшықтардың қазір иесі іздестіріліп жатыр. Ал Ұлытау ауданында заңсыз аң атып, сауық құрғандар да қолға түсті.

- Мынау пакетте не? Мұнда қолы ма, аяғы ма.... 

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Олар жол талғамайтын көлікпен жүрген. Олардың көліктерін тінту барысында жабайы қабан еті, сондай-ақ аңшы мылтығы тәркіленіп алынды. Барлық фактілер бойынша тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.