Атырау облысында 23 жұмысшы түскі астан ұшынды

Атырау облысында 23 жұмысшы түскі астан ұшынды
Атыраудағы аурухана / Иллюстративті фото

Атырау облысында 23 жұмысшы түскі астан ұшынып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 маусымда газ-химия кешенінің құрылысын жүргізіп жатқан «Bazis Construction» ЖШС-ның 23 жұмысшысы асханада түскі астан ұшынған. Олар №2 облыстық инфекциялық ауруханаға жатқызылды.

«Инфекциялық ауруханаға 3 маусымда сағат 19:45-те 21 жұмысшы, 4 маусымда сағат 01:00-де тағы 2 адам түсті. Ауруханаға жатқан науқастардың бәрінде ұшыну белгілері байқалды. Науқастар бас айналу, құсу, әлсіздік және диарея белгілеріне шағымданған» - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Жұмысшылар «Bazis Construction» ЖШС-ның асханасында тамақтанған. Алдын ала қойылған диагноз – тағамдық токсикоинфекция.

«Жұмысшыларға түскі аста манпар, бұршақ сорпасы, сиыр етінен дайындалған тағам, қайнатылған шұжық, пісірілген тауықтың төс еті, қайнатылған қарақұмық, макарон, қырыққабат салаты ұсынылған. Олар ұшынуды түскі аспен байланыстырады», - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.