ШҚО-да бүлдіршін терезе жақтауларының арасына қыстырылып қалды

NewTimes.kz

Қызылордада ауласына есірткі еккен тұрғын ұсталды. Атырауда өзгенің көлігін тізгіндеп қашқан жасөспірім қолға түсті. Ал Ақтөбеде де көлік ұрлаған Түркістан облысының тұрғыны ұсталды. Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының тәртіп сақшылары терезе жақтауларының арасында қалып қойған 3 жасар баланы құтқарды.

АУЛАСЫНА ЕСІРТКІ ЕККЕН ТҰРҒЫН ҰСТАЛДЫ   

Қызылорда қаласында ауласына есірткі еккен тұрғын ұсталды. 48 жастағы азаматтың үйін тінту барысында биіктігі 3-4 метр болатын қарасораның мыңнан астам көшеті анықталған. Сондай-ақ салмағы 4 келідей болатын марихуана да табылды. Күдіктінің өзі есірткі қолданып, оған қоса сатумен айналысатынын да мойындаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

 

ӨЗГЕНІҢ КӨЛІГІН АЙДАП КЕТКЕН ЖАСӨСПІРІМ ҰСТАЛДЫ  

Атырауда өзгенің көлігін тізгіндеп қашқан жасөспірім қолға түсті. Баймұқанов көшесінің бойындағы 33-үйдің алдынан көліктің ұрланғанын естіген тәртіп сақшылары дереу іске кірісіп, бекітілген аумақты тексеруге аттанған. Көше бойындағы азық-түлік дүкенінің алдынан Daewoo Nexia автокөлігі тоқтатылып, күдікті 2007 жылы туған жасөспірім ұсталды. Қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

 

КӨЛІК ҰРЛАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ   

Көлік ұрлаған түркістандық Ақтөбе облысында қолға түсті. Түркістан облысының тәртіп сақшыларына тұрғын «Мерседес Бенс» автокөлігінің ұрланғаны туралы хабарлайды. Ұрыны қолға түсіру жоспары дереу қолға алынған. Нәтижесінде Ырғыз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Самара-Шымкент тас жолынан аталған көлікті байқаған. Бірақ күдікті тәртіп сақшыларына бағынбапты. Жүк көліктерімен жолды жабу арқылы ғана қолға түсірген. 26 жастағы түркістандық Ақтөбе қалалық полиция бөліміне жеткізілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті енді 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

ДЕМАЛЫС БАЗАСЫ ӨРТЕНДІ  

Шығыс Қазақстан облысы Жаңа Бұқтырма ауданындағы демалыс базасында өрт шықты. Ауданы 2 гектар болатын жердегі шөп жанып кетіп, өрт сөндірушілер дереу жеткен. Барлығы 3 көлік, 12 адам жұмылдырылды. «Айналадағы үйлерге ешқандай қауіп те, шығын да жоқ», – дейді мамандар. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

 

АТА-АНА ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛМАҚ     

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының тәртіп сақшылары терезе жақтауларының арасында қалып қойған 3 жасар баланы құтқарды. Ата-анасы мас күйде ұйықтап жатқанда үйдегі мысық қос терезенің арасына түсіп кеткен. Оны құтқарамын деген бала мысықты шығарғанымен, өзі шыға алмаған. Бір сағат бойы бақырып, көмек сұрағанымен ата-анасы оянбапты. 4 жасар ағасы да оларды оята алмаған. Оқиғадан кейін ата-анасын құқықтарынан айыру шаралары қабылданып, балалар Өскемендегі бейімдеу орталығына орналастырылған.

 

КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАНДАР ҰСТАЛДЫ    

Алматы облысында карантин талаптарын бұзғандар ұсталды. Оқиға Талғар ауданының Белбұлақ ауылында болған. 25 адамның басын қосып жиын өткізгендер жергілікті мониторинг топқа ұсталған. Ал 100 адамды жиып, ұлан асыр той жасағандар Бесағаш кентіндегі мейрамханалардың бірінде анықталды. Тиісті шараларды қабылдау мақсатында жиналған іс-құжаттар Талғар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.