Алматыдағы метро неге тұтанды?

Әлеуметтік желіде Алматы метро станциясында вагондардың бірінен шыққан түтіннің видеосы тарады. Ұялы телефонның бейнекамерасына жазылған видеоға қатысты метрополитен өкілдері пневматикалық тежеу жүйесі іске қосылғанын хабарлады. Тежегіш қызғаннан кейін түтін шыққан. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Куәлігінен айырылған жүргізуші қайтадан мас күйінде ұсталды

Түркістан облысы Созақ ауданында бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған адам тағы да мас күйінде көлік басқарған. Бұл жолы да жол ережесін бұзып, полиция қызметкерлерінің назарына ілікті. «Nexia» маркалы автокөліктің жүргізушісіне қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа жолданды.

Семейде қойын-қонышы оққа толы адам ұсталды

Семей қаласында қалтасына бір қорап оқдәріні салып, оны заңсыз тасымалдаған тұрғын қолға түсті. Полиция қызметкерлерінің «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында 42 жастағы азаматтан 25 патрон тәркіленді. Сарапшының қорытындысына сәйкес оның 23-і ойық мылтықтың, қалған екеуі «Макаров» тапаншасы мен АК-47 автоматының оғы екен. Аталған жағдайға байланысты бұлтартпау шарасы қолданылып, «Оқдәрілерді заңсыз сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Таразда қоғамдық көлік апатқа ұшырады

Тараз қаласында қоғамдық көлік пен жеңіл автокөлік соқтығысты. Жол апаты Абай көшесінде болды. Әр түрлі дене жарақатын алған жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, қалалық ауруханаға жеткізілді. Полиция қызметкерлері сараптама тағайындады.

ШҚО-да бір тәулікте төрт үй өртенді

Шығыс Қазақстан облысында бір тәулікте төрт жеке тұрғын үй өртенді. Өрт сөндірушілер жалынның шығу себептерін электр сымдарының тұйықталуы мен тұрмыстық техниканы пайдалану ережелерін сақтамаудан деп топшалап отыр. Өрт Семей қаласы мен Өскеменде, Глубокое ауданы мен Мирный кентінде тіркелген. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.