Алматыда тәртіпсіздік күшейіп кетті

Алматыда тәртіпсіздік күшейіп кетті
azattyq-ruhy.kz

Алматыда наразылық білдірушілер әкімдікке шабуылдап, ғимаратқа от қойған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғимараттың алдында үш мыңға жуық ер адам жиналған. Көбісінің қолында резеңке таяқ бар. Әкімдікті қоршауға алған 1500-дей полиция қызметкері оларға шу шығаратын гранаталарымен тойтарыс беріп жатыр. Ашуға мінген ер адамдар бірнеше полицейді соққыға жыққан. Олар жоғары лауазымды тұлғалардың отставкаға кетуін, кредитті кешіруді және тауарлардың бағасын төмендетуді талап етіп жатыр. Наразылық білдірушілер жолдарды жауып, ешкімді өткізбеген. Соңғы ақпаратқа сәйкес Алматы әкімдігінде от шығып жатыр. Ашулы топ әкімдікті басып алып, өрт шығарғанға ұқсайды.

Айта кетейік, Алматыда тәртіп бұзішылар жедел жәрдем көлігіне кедергі жасап, медицина қызметкерлеріне зақым келтіріп, әлеуметтік нысандарды да қиратып жатыр.

Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, мегаполистің емханалары мен ауруханаларына кіріп, медициналық мекемелердің мүлікі мен жабдықтарына зиян келтірген. Салдарынан жедел жәрдемнің 5 қызметкері оның ішінде 2 жүргізуші мен 3 медицина қызметкері зардап шекті. Сонымен қатар 2 жедел жәрдем көлігі жойылып, қалалық кардиологиялық орталықта қабылдау бөлмесі мен клиникалық-диагностикалық бөлімшенің әйнектері де сынған.