Қызылордада 4 жасар баланың асқазанынан бір келі шаш шықты

Қызылордада 4 жасар қыз баланың асқазанынан ұзындығы 34 сантиметр болатын бір келіден астам шаш алынды.

Операцияны облыстық көпсалалы балалар ауруханасының хирургтары жасады. Дәрігерлердің айтуынша, баланың тәбеті төмендеп, іші ауырып, жиі құса бастаған. Осындай шағымдардан кейін мамандар шұғыл операция жасау қажет деп шешкен. Баланың асқазанында ұйысып қалған шашты алу үшін жасалған операция сәтті өтті, дейді дәрігерлер. Қазір қыз бала тиісті ем-шараларын алып жатыр.

Әлімжан Төлегенов, облыстық Көпсалалы балалар ауруханасының бөлім басшысы

– Мамасының айтуы бойынша бір жасынан бастап шаш жей бастаған. Мұндай жағдай көбіне анемия болған кезде балаларда кездеседі. Операция барысында ешқандай қиындық болған жоқ. Баланың қазіргі жағдайы тұрақты. Құдай қаласа, он күнде үйге шығып қалады. Бұл екінші жағдай кездесіп тұрған. Бірінші жағдай осы күзде болды. Ол да өзінің шашын жеген 5 жастағы бала болатын.