«Қазақстандықтар» деп аталатын қылмыстық топ жетекшілері ұсталды

Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында спортшылар мен кезінде сотталған адамдар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Заңсыз әрекеттерінің жолын кесу бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері бірлесіп, Алматы қаласында және Алматы облысында ауқымды арнайы операция жүргізді. Комитет топтың 6 мүшесінің Алматы өңірі аумағында көптеген қылмысқа қатысы барын хабарлады. Ұсталғандардың тұрғылықты жерін тінту барысында 4 дана атыс қаруы, 177 оқ-дәрі, 7 граната, арнайы құралдар мен қаңтарда мародерлікке қатысқандарын растайтын заттар тәркіленді. Қолға түскендер изоляторларға қамалды. Бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында топ мүшелері Еңбекшіқазақ ауданында қару-жарақтың екі көмбесі барын хабарлаған. Әлгі жерден 44 бірлік атыс қаруы және өзге де суық қару мен 20 дана оқ-дәрі алынды.