Қарағандыда халықтың ақшасын алдап алып жүрген алаяқ ұсталды

Қарағандыда халықтың ақшасын алдап алып жүрген алаяқ ұсталды

Қарағандыда жүргізуші куәлігін жасап беремін деп халықты алдап жүрген алаяқ тұтқындалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полицияға шағымданған тұрғын бейтаныс азаматқа 85 мың теңге бергенін айтқан. Алайда ақша қолына тиген алаяқ көп ұзамай ізін суытып, байланысқа шықпай қалыпты. Оңбай алданғанын білген азамат полицияға шағымданады. Жедел іздестіру шаралары кезінде 34 жастағы ер адам ұсталып, өз кінәсін толық мойындаған. Қазір оған «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалды.

ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН БАЛЫҚШЫЛАР ТАБЫЛДЫ

Павлодар облысына қарасты Ақтоғай ауданында Ертіс өзенінен балық аулауға шығып, жоғалып кеткен балықшылар құтқарылды. «112» пультіне 2 азаматтың із-түзсіз кеткені туралы ақпарат келген бетте жеке құрамынан 5 адам, жергілікті атқарушы органынан 2 адам және бір полиция қызметкері іздестіруге шығады. Іздестіру жұмыстары барысында сағат түнгі бірлер шамасында Қараоба ауылынан 12 шақырым жерде 1981 және 1963 жылы туған екі балықшы табылды.

ҰРЛАНҒАН КӨЛІКПЕН ЖОЛ АПАТЫНА ТҮСТІ

Ұрланған көлікпен жол апатына түсіп, салдарынан бір адам қаза тапқан жантүршігерлік апаттың бейнежазбасы жария болды. Онда ұрланған Toyota Land Cruiser Prado көлігімен Grand Cherokee көлігінің өте жоғары жылдамдықта келе жатып соқтығысқаны анық көрінеді. Соңғы көліктің жолаушысы ауруханада жатып көз жұмды. Оның жасы не бары 19-да болған. Ал өзгенің затын иемденбек болған 20 жастағы жігіттің үстінен ҚК 3 бірдей бабы бойынша іс қозғалды. Қазір ол тергеу изоляторында жатыр.

КОНДИТЕРЛІК ӨНІМДЕРДІ ҰРЛАП ҰСТАЛДЫ

Қарағандыда тек кондитерлік өнімдерді ұрлап машықтанған ұры ұсталды. Ол кезекті жымысқы әрекетінен кейін 6 келі пішенді арқалап бара жатқанда күдік тудырған. Тергеу барысында тәттіге құмар ұрының тағы осыған ұқсас 2 іске қатысы бар екені анықталды. Қазір ол уақытша тергеу изоляторына қамалған.