Қаңтар оқиғасы: тоғыз лауазымды тұлға қамауға алынды

Қаңтар оқиғасы: тоғыз лауазымды тұлға қамауға алынды

Олардың сегізі Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы прокурорлар қаңтар оқиғасына байланысты елді дүрліктірген 10 жағдайды тергеп жатыр, оларға қатысты 9 лауазымды тұлға ұсталды. 8-і ҰҚК-нің және 1-еуі полиция қызметкері екенін айтты Бас прокуратура өкілдері. Қызмет бабындағы әрекетсіздік бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әкімдігін күзеткен әскери қызметші, подполковник Қайыровты азаптап өлтіру фактісі анықталды. Оның денесі ғимараттың төбесінен табылған. Қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін оның денесін өртеп жібергені тергеу амалдары нәтижесінде анықталды. 39 жастағы сарбаздың артында отбасы мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Жалпы, борышын атқару кезінде 19 қызметтегі және болашақ офицердің өлімі анықталды.

Елдос Қилымжанов, бас прокуратураның 1-қызметі бастығының орынбасары:

– Қайғылы қаңтар оқиғаларын тергеумен арнайы прокурорлардың басшылығының ведомстволық жедел тергеу топтары айналысуда. Олардың өндірісінде 262 қылмыстық іс бар. Оның ішінде 44 тероризм актілері бойынша 47 жаппай тәртіпсіздікке қатысты. Бүгінгі таңда 547 адам  жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысты күдікті деп танылды. Олардың 269-ы қамауда. Жалпы 3702 қылмыстық іс тергелуде.

Ішкі істер органдары қаскөйлердің қолына түскен қару-жарақтарды іздестіруді жалғастырып жатыр. Бүгінде 1386 дана қару-жарақ анықталды. Күдіктілер ізін жасыру мақсатында арнайы жерлерге жасырған 154 автомат, 419 тапанша, 70 арнайы мылтық пен 22479 оқ дәрі алынып, тәркіленді.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– Алматы қаласында Оружейник дүкенінен қару ұрлауды деген күдікпен тағы бір адамдар ұсталды. Ол ұрланған қаруды Түрксіб ауданындағы қараусыз қалған ғимаратта сақтаған. Ұсталған адамнан шолақ карабин және тегіс ұңғылы мылтық алынды. Бүгінгі таңда азаматтар қаруды өз еркімен 120 бірлік қару тапсырды.