Қарағанды облысында жүк пойызы қағып кеткен әйел көз жұмды

Қарағанды облысында жүк пойызы қағып кеткен әйел көз жұмды
inform.kz

Қарағанды облысының Топар кентінің маңында жүк пойызы әйел адамды қағып кетті. Ол алған жарақатынан оқиға орнында мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы оқиға Қарағанды облысына қарасты «Қарабас-Топар» өткелінде болған. «10 сәуірде аталған факті Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігі, яғни, «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігі қозғалысының қауіпсіздік қағидаларын бұзу бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта іс бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Қарағанды облысының көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі. Сондай-ақ ведомство аталмыш іс бойынша басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайтынын мәлімдеді.