Көңілдесінен қызғанған: әйелін өлтірмек болған ер адам 9 жылға сотталды

Көңілдесінен қызғанған: әйелін өлтірмек болған ер адам 9 жылға сотталды
Tengrinews.kz

Көңілдесінен қызғанып, әйелін өлтірмек болған ер адам тоғыз жылға сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Әйеліңнің көңілдесі бар деген айналасындағылардың күңкіл сөздері Мұхтарды әбден шаршатқан. Ол аздай жолдасының телефонына тыным жоқ.

Ашуға булыққан күйеуі смартфонды лақтырып, әйеліне бас салады. Сөзге келместен қолына іліккен ас үй пышағын ішіне сұғып алған. Сөйтіп, аз уақытта үй іші азан-қазан күйге түскен. Жедел жәрдем көлігі Гүлнұрды ауруханаға алып кеткен.

Мұхтардың қолына кісен салынып, сол күні қамауға алынды. Балалардың бақытына орай аналарының жарақаты жеңіл боп, көп ұзамай отбасына оралған. Ал Мұхтар болса адам өлтіруге әрекет жасағаны үшін тоғыз жылға бас бостандығынан айырылып, Қызылордадағы ЗК-169/5 мекемесіне қамалады.

– Гүлнұр маған кездескенге дейін тұрмыста болған. Екі баласымен ажырасқан екен. Мен де үйленіп, ажырасқанмын. Жүрегімнің қалауымен оны өзіме жар етіп алдым. Екеуміздің арамызда екі ұл бар. Оның екі баласын бауырыма басып, өз тегіме жаздырдым. Сонымен екеуміз бірге төрт баланы жеткізіп келе жатқанбыз. Соңғы орын алған жағдайдан бұрын сол көңілдесінің кесірінен екі жаққа кеттік. Сосын араға 3-4 ай салып, оны ақылға шақырайын, түсінісейік деп алып кетуге барған бетім болатын. Телефонына сол көңілдесінің хабарласуы ол ойымды өзгертіп жіберді. Өз әрекетіме әліге дейін өкінемін. Ендігі мақсатым – жаза мерзімім аяқталған соң отбасыммен қауышу. Балаларыма жақсы әке үлгісін көрсету. Жұбайымның қателіктеріне кешіріммен қарап, бақытты отбасы ретінде жаңа өмір бастағым келеді, – дейді Мұхтар өкінішпен күрсініп.