Атырауда браконьерлерден 10 тоннадан астам балық тәркіленді

Атырауда «Бекіре-2022» балық қорғау акциясы басталғалы браконьерлерден 10 тоннадан астам су маржаны тәркіленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 800 келіге жуығы бекіре тұқымдас бағалы балық. Балық қорғау инспекциясының мәліметінше, екі апта ішінде 307 заңбұзушылық анықталып, оның 214-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 23 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Оларға салынған айыппұл көлемі 4 миллион 300 мың теңгеден асады. Сондай-ақ, «Таза жағалау» акциясы аясында Жайық өзені жағасынан 5 тоннаға жуық қоқыс шығарылған.

Рүстем Қорқытов, Жайық-Каспий бассейндік облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

– «Бекіре» акциясы бойынша табиғатты қорғау прокуратурасы, шекара қызметі, сондай-ақ балық қорғау инспекциясының мамандары бақылауды күшейтті. Десе де заңға бағынбайтындар анықталып отыр. 422 ау құралы, 51 жүзу құралдары тәркіленді. Әуесқой балықшыларды браконьерлікпен айналыспай, балық аулау ережесін сақтауға шақырамын.