Ақтөбеде 12 жасар баланы иесіз иттер талап өлтірді

Қайғылы оқиға облыс орталығының Есет батыр ауданында болған. Кеше кешкілік ойнауға кеткен бала үйіне оралмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ата-анасы түн ортасында полицияға хабарласыпты. Артынша жеткіншектің денесі сол маңдағы құрылыс алаңынан табылды. Кейінгі уақытта қалада иттердің адам мен малға шабуы жиілеп кетті. Жеке тұрғын үй секторында үйірімен жүретін иесіз хайуан көп. Билік заңның қолбайлау екенін айтып, қарекетсіз отыр.

Баланың денесін Оспан Құрманғали тауып алған. Әдеттегідей құрылыс алаңын тексеруге шыққан күзетші қараңғыда қарауытып жатқан киімді ит сүйреп тастаған қоқыс деп ойлаған. Қасына жақындап келген кезде ғана бала екенін байқапты. Лезде полицейлерге хабар берген.

Оспан Құрманғали, құрылыс алаңының күзетшісі:

– Жетілерде ең соңғы кетеді ғой. Жетіден кете. Содан кейін болған бұл. Онда біз обход жасап келгенде тауып алдық. Фонарикке түсті жылтырап, біз мына жағын қарап келе жатыр едік. Қатты талап тастаған. Аяғы, қолы бәрі жара. Аяғында жара бар. Иығында бар. Желкесінде бар.

Кеше ғана көз алдында құлдыраңдап жүрген неремересінің орнын сипап қалған атасы қайғыдан қан жұтып отыр. Кешкілік 7 жарым шамасында есік алдына ойнауға кеткеннен қайта оралмады, деп кемсеңдейді. Қара жамылған отбасы шарасыз күйде. Босып жүрген бұралқы иттің дер кезінде көзін жойғанда, бұлай болмас па еді, дейді. 

Шәкірат Абшанов, Мадиярдың атасы:

Адамнан ит қымбат болып тұр ғой енді. Иттің өмірі қымбат болып тұр. Адамның өмірі арзан болып тұр. Соғыста да бұл, мен білмеймін тіпті, жай қарапайым уақытта өзіміздің балаларымыздан қалай айырылып қаламыз? Қиыншылық жоқ қой енді бір. Сол иттерді неге атпасқа? Неге құртпасқа? Енді мен қанша жыласам да, еңіресем де балам қайтып келмейді.

Мадияр Шәкіратты иесіз иттер талап тастаған. Тәртіп сақшылары жеткіншектің денесінде сау жер қалмағанын айтады. Қазір  қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

Ардана Саймағамбетов, Ақтөбе облыстық ПД ЖПБ бастығы:

– Жас баланың «Көп қан жоғалту, бастың, дененің, қол мен аяқтың көптеген жарақаттары» түріндегі зорлықпен өлу белгілері бар мәйтінің табылу дерегі бойынша  қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала болжам бойынша өлімнің себебі жануардың тістеуінен болуы мүмкін. Оған енді көптеген сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс тіркелуде.

Облыс әкімінің орынбасары қалада қаңғыбас иттің қаптап кеткенін мойындап отыр. Ал оларды атуға  «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қолбайлау болып тұр. Ол бойынша бұралқы ит-мысық біреуге қауіп төндіргенде ғана көзін жоюға болады. Онда да ветеринар мамандарға учаскелік полиция инспекторы ұсыным берсе ғана шара қолданылады.

Жақсығали Иманқұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

– 25 мамырдан 10 маусымға дейін 274 бұралқы ит жойылды. Бірақ та оның саны, әрине, бұрынғыға қарағанда өте аз болды. Сондықтан бұл жағдай өте бір қиын боп тұр. Себебі саны иттің азаймайды. Күнбе күн ол бірнеше рет көбейіп жатыр.

Ақтөбеде бұралқы иттердің адамға шабуы бірінші рет емес. Шамамен бір ай бұрын 13 жасар қыз баланы үйірімен жүрген ит талап, бір өлімнен қалды. Ол дерекке қатысты да қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже  жоқ. Жауапты тұлға да анықталмады. Ал қалалықтар баласын ауланың сыртына шығаруға қорқып отыр. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков