Каспийден бекіре аулап, оңай олжаға батқысы келетіндер азаймай тұр

Маңғыстау облысында соңғы 2 айда 170 адам  әкімшілік жазаға тартылды. Соның 101-і заңсыз балық аулаған , деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, 13 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген бекіре мен қызыл балық салмағы 1 тоннадан асады. Бұл, өңірлік балық инспекциясы басқармасының шекара қызметі және полициямен бірлесе өткізген «Бекіре-2022» акциясының нәтижесі. Заң бұзғандарға 5 млн 550 мың теңге айыппұл салынып отыр.

Жақсығали Іздібаев, облыстық Балық инспекция басқармасының басшысы:

- 29 мамыр күні осы акция аясында Түпқараған ауданы Бозашы аймағында Маңғыстау облысының 3 азаматы бекіре тұқымдас балық аулап жүрген жерінен ұсталды. Бұл азаматтардан 87 келі болатын 17 дана балық тәркіленіп, Түпқараған аудандық полиция бөліміне материалдар тапсырылды.