Қарағандыда 200 гектар жер өртенді

Қарағанды іргесіндегі тоғай әлі де жанып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ өрттің таралуы тоқтаған. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов мәлімдеді. Жанған ағаштар бықсып, қаланы қою түтін басты. Желдің күштілігінен қалған өртті сөндіру қиынға соғуда. Барлығы 40 техника мен 200-ге жуық адам жұмылдырылған. Қызыл жалын шамамен 200 гектар жерді шарпыған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Сол маңдағы саяжай қожайындары қауіпсіз жерге көшірілді. Жол жабылып, көліктердің өтуіне тиым салынды. Қазір арнайы штаб құрылып, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:

– Қазіргі кезде осы жалпы бүкіл шаралардың арқасында өрттің әрі қарай таралуына жол берілмеді. Өрт тоқтатылды.1-2 сағат ішінде оқшаулауға тырысамыз. Жалпы жағдай бақылауда. Әр жерде жаңағы үйлер жанды, дачалар жанды деген ақпарат болған. Бірақ оның барлығын аралап өттік, оның барлығы анықталған жоқ, ешқандай үйлер жанып жатқан жоқ.