Алакөлдегі өрттен келген шығын 2 миллиард теңгеден асқан – Абай облысы

Тілсіз жаудан қып-қызыл шығынға батқан кәсіпкерлер мемлекеттің көмегіне мұқтаж. Олар қазір сараптама нәтижесін күтіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал шығынның нақты көлемі мен кінәлілерді комиссия анықтайды.

Азамат Қасым, тілші:

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жердегі өрттің қатты болғаны сонша, тіпті темір екеш темірге дейін балқып кеткен. Ал мұндағы демалыс иелері ең бастысы адамдардың амандығы деп отыр.

Күніне 100 адамға қызмет көрсететін демалыс үйі бір түнде күлге айналған Мәрия Жүнісова әлі есін жинай алмай жүр. «Бізге келген шығын көлемі шамамен 600-700 миллион теңге деп ойлаймыз. Бар үмітіміз мемлекетте», – дейді ол.

Мәрия Жүнісова, демалыс үйінің иесі:

– Үкіметтің тарапынан көмек сұрамасқа шара жоқ. Себебі кінәліні ешкім таба алмайды. Біреу тоққа жабады, біреу клиентке жабады. Кінәлі адам табылмай қала ма, біздің шыққан шығынымыз өтелінбей қала ма, қанша жылғы еңбегіміз осылай қалып қала ма деп қорқамын.

Осы контейнерде 3 тоннадан артық ұн болды. Қант, жазға дайындаған барлық азық-қорымыз жанып кетті. Ештеңе қалмады.

Туристер ең көп келетін «Керуен» демалыс үйі де қып-қызыл шығынға батқан. Он бір ғимарат әп-сәтте жермен-жексен болған. Мұндағы қызметкерлер өрт сөндірушілер дер кезінде келгенде мұншалықты шығынға батпас едік дейді.

Нұрбол Омарғалиев, демалыс үйінің қызметкері:

– Бізге өрт сөндіру машинасы төрт сағаттан кейін бір-ақ келді. Келгенмен шлангілері тесік болды. Шығынды әлі санап жатырмыз. Сарапшылар келіп, көріп, жауабын айтады. Үкімет атсалысып, өрт бөлімін салып берсе дейміз. Өйткені 180 демалыс үйі бар. Оған бір ескі өрт сөндіру көлігінің болғаны келмейді.

Өрттен зардап шеккендердің барлығы қазір комиссия шешімін күтіп жүр. Бәрінің көңілінде бір ғана сұрақ: «мемлекет тарапынан көмек бола ма?». Бұған жергілікті әкімдік өкілдері былай деп жауап берді.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

– Мысалы, «Әйгерім» демалыс үйі 250 миллион шығын деп отыр. «Әлихан» үйінің иесі 300- 400 миллион деп отыр. «Керуен» бір миллиард 200 миллион шығын бар деп отыр. Әрі қарай құжат жүзінде айтылады. Мемлекеттен көмек болғанда бұл жекеменшік нысан. Табиғи апат болса, басқа жағдай. Комисия шешімі шығады. Әрі қарай жұмыс жасайды.

Биыл көлге келушілердің қатары былтырғыдан азайып кеткен. Бұған өрттің қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы әзірге беймәлім. Ал тілсіз жаудың шығу себебі әлі анықталып жатыр. Айдың күннің аманында шығынға батқан кәсіпкерлер сараптама нәтижесін күтуге мәжбүр.   

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы