Телефонмен сөйлесіп тұрған қызды пышақтамақ болды

Шымкентте  ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған қызға пышақ сілтемек болған ер адам бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Бейнежазба әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. Ол суық қаруды артына жасырып, қызға жақындайды. Мұны байқаған қыз айқайлаған кезде күдікті тұра қашады. Жәбірленуші полицияға шағымданған. Қаратау аудандық ІІБ осы іске қатысты іс қозғалғанын мәлімдеді.

Сарыағашта мал ұрлаған топ ұсталды

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданы полицейлері жергілікті тұрғындардың малын ұрлап жүрген қылмыстық топты ұстады. Олардың екеуі Өзбекстанның азаматы, енді бірі жергілікті тұрғын. Қазір күдіктілердің 16 бас малдың ұрлығына қатысы бары анықталған. Олар ұрланған жылқы мен сиырды қасапшыларға арзан бағада  тапсырып отырған. Қазір олар «Мал ұрлығы» бабы бойынша қамауға алынды.  

ШҚО-да 85 келі балықты заңсыз аулаған адам ұсталды

Шығыс қазақстан облысына қарасты Күршім ауданында 85 келі балықты заңсыз аулаған азамат ұсталды. Одан шортан, көксерке және мөңке балықтары тәркіленген. Инспекторлар азаматты тоқтатқан кезде онда тиісті құжаттары болмаған, табиғатқа келтірген шығыны 445 мың теңгеге жуық дейді мамандар. Өз айыбын мойындаған күдіктіге қатысты қазір сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алматы облысында шетел азаматы құтқарылды

Қапшағай су қоймасында демалып жүріп,  алысқа жүзіп кетіп, артынша жағаға жете алмай қалған Ұлыбртиания азаматы құтқарылды. 1973 жылғы азамат жағадан шамамен 100 метр жерге алыстаған.  Құтқарушыларға алғысын білдірген ол медициналық көмектен бас тартты. Мамандар суда барынша абай болуға кеңес береді.

Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 121 дана қару мен 1488 оқ дәрі алынған.  Күні кеше 31 жастағы ер адамнан тарвматикалық тапанша тәркіленген. Тергеу барысында ол тапаншаны досым сыйлады деп ақталған. Енді екеуіне де заң алдында жауап беруге тура келеді. Айыбы дәлелденсе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.