Қаңтар оқиғасы: 255 күдікті босатылды

Қаңтар оқиғасынан кейін тергеуде болған екі жүзден астам күдікті бостандыққа шықты. Олар жәбірленушілерге келтірілген залалды сотқа дейінгі тергеу барысында өтеп үлгерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ 13 сотталушының жазасы жеңілдетіліп, 92 адам нақты мерзім бойынша бас бостандығынан айырылды. Бүгін Бас прокуратура өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тергеу барысымен бөлісті. Айтуларынша, қаңтар оқиғасы барысында келген жалпы шығынның 343 млн теңгеге жуығы өтеліпті. Белгілі болғандай, осы күнге дейін сотқа барлығы 474 қылмыстық іс жолданып, 717 адам істі болған. Мәселен, Тараз қаласы сотының үкімімен Жамбыл облыстық полиция департаментінен ұрланған «Макаров», «Стечкин» тапаншалары мен оқ-дәрілерді сақтағаны және тасымалдағаны үшін жергілікті тұрғын бас бостандығынан айрылды. Азамат өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініп, сотқа дейінгі тергеу кезінде органдарға көмек көрсеткен. Қалған қылмыстық істер бойынша даусыз дәлелдерді жинау және барлық қатысы бар адамдарды қылмыстық жауапқа тарту жұмыстары жүргізілуде.