Шымкентте әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жемқорлық тәуекелдеріне жол берді

Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 650 миллион теңгеге ұн сатып алу үшін сегіз рет келісім шарт жасаған.  Бірақ алған өнімді сатқан мекемеге арзан бағамен қайта сатып жіберген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл екі жақты күмәнді келісімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесінде анықтады. Одан бөлек тұрғын үй салу үшін жер телімдерін үлестіру, баспана сату сондай-ақ, инвестициялық жобаларды қаржыландыру сияқты жұмыс жүргізген корпорация қызметінен жиырмадан астам жемқорлық тәуекелі анықталды. Аталған мекеме тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін, соңғы үш жылда ауыл шаруашылық басқармасымен 6 миллиард теңгеге жуық сомаға шарт жасасқан.

Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын тұрақтандыруға бұл шараның ешқандай пайдасы болмағанын айтады. Аталған кемшіліктерді жою үшін корпорация басшылығына алты ай уақыт берілді.

Жани Қамбар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы:

- Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы түсіндіреді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында деп. Бірақ енді ол жерде өздеріңіз білетіндей сатып алған құн мен арзан бағада сатқанда ол жерде айырмашылық бар. Осындай түсініспеушілік болмас үшін және қандай да бір сұрақтар туындамас үшін тиісті жұмыстар атқару бойынша біз ұсыныстар бердік. Біздің басты мақсатымыз бұны болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын-алу бойынша жүргізілді.