Оралда екі жұмысшы кәріз құдығында қайтыс болды

Оралда  «Батыс су арнасы» кәсіпорнының екі бірдей қызмкеткері кәріз құдығындағы суға тұншығып қайтыс болды.

Оқыс оқиға Исатай-Махамбет көшесінің бойындағы кәріздік сорғы станциясында күндізгі сағат 11 шамасында болды. Қаза болған жұмысшылардың бірі 40, ал екіншісі 49 жаста. Олар осы жерде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. Алдын ала болжам бойынша құбырда кенет ақау шығып, станция ағын суға толып кеткен. Кәсіпорын басшылығы қайтыс болғандардың отбасына көмек көрсетілетінін айтты. Қазір құзырлы орган өкілдері қайғылы оқиғаның себептерін анықтап жатыр.

Әнуар Аркенов, қаланы сумен қамтушы кәсіпорынның басшысы:

- Кәсіпорынның 2 қызмкеткері қайтыс болды. Оқиғаның себебін тергеу жұмыстары анықтайды. Әзірге басқа ештеңе айта алмаймын. Апатты ауыздықтау мақсатында Зашаған ауданы мен қаланың орталық бөлігіне су беру тоқтатылды. Жұмысшылар арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен  қамтылған еді.