Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында орман қызыл жалынға оранды

Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында орман қызыл жалынға оранды

Атап айтқанда, Марқакөл орман шаруашылығы, Бобровка орманшылығы және Төсқайың ауылдық округі аумағында шөп пен бұта, ағаш жанып жатыр. Өрттің алдын ала аумағы 300 гектар құрайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төсқайың ауылы оқиға орнынан 10 шақырым жерде орналасқан. Мамандар елдімекенге төнген қауіп жоқ дейді. Өртті сөндіруге 114 адам мен 17 техника жұмылдырылды. Өскеменнен тағы 46 адам мен 6 техника аттанды. Жер бедерінің қиындығынан тілсіз жауды жаяу және атпен сөндіруге ғана мүмкіндік бар. Сондай-ақ, МИ-2 тікұшақтары мен Еурокоптер іске қосылды.

Айта кетсек, облыста қазір Алтай ауданында да құтқарушылар қызыл жалынмен күресіп жатыр. Онда өрт аумағы 400 гектар аумақты шарпыды. Үшінші тәулікке ұласса да қураған шөптен тараған тілсіз жауды тоқтату қиын болып тұр. Өйткені тау ішінде болғандықтан, арнайы техниканың жетуі қиын. Бұл жұмыстарға 300 адам мен 24 техника жұмылдырылды.