Атырауда 43 жастағы азаматты көршісінің иті талап тастады

Оқиға кеше кеште дәл осы жерде болған. Тұрғындардың айтуынша көше бойында тұрған 43 жастағы азаматты көршісінің иті талап тастапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абырой болғанда, көршілер көмекке келіп, жігітті аман алып қалған. Осы оқиғадан кейін тұрғындар көшеге шығудан қалғанын айтады. Балаларды сабаққа жіберуге де қорқып отыр.

- Қараңғы ерте түседі, таңертең 8-9да қараңғы болып тұрады. Сол кездерде мектепке бара жатқан, садикке бара жатқан немесе жұмысқа бара жатқан адамдарға қауіпті деп ойлаймын. Себебі, иттер үлкен, тайыншадай. Жұрт иттен қорқып, жұмысқа бармай , балалар сабаққа бармай, детсадқа бармай жүре алмайды ғой.

- Менің баламды қапты. Менің баламды қапқаннан кейін көшеде менің көзімше біреудің лағын ұстап алып, 4-5 ит болып, талап өлтіріп тастады. Бір мысықты жеп жатты, оны да көрдім. Фейсбукқа да салсам да ешқандай жауап жоқ. Үкімет спокойно отыр.

- Басқаға әліміз келмесе де, итке әліміз келеді. Халық болып жиналып бір нәрсе жасаймыз. Балаларды талатып қоймаймыз ғой.

Ит талаған жігіттің жағдайы қазір қалыпты, дейді дәрігерлер. Дегенмен денесіне иттің тісі мықтап батқан.  Қалалық ветеринария бөлімінің мәліметінше, ит ұсталып, карантинге қамалған.  Енді 10 күн ішінде оның ауру не сау екенін анықталмақ. Соңғы 3 күнде «Балауса» ықшам ауданынан 16 ит ауланған.

Мәдихан Рысымбетов, қалалық Ветеринариялық станциясы директорының орынбасары:

Қаланың өзінде 3 бригада жұмыс жасап жатыр. Әр округте бөлінген бригадалар бар. Төртінші бригаданы қосу үстінде. Ит ұсталғаннан кейін 10 күнге карантинге қойылады, ветеринарный обработкадан өтеді.

Облыстық полиция департаменті иттің иесін тауып, оған хаттама толтырған. Бірақ тұрғындар бұл мәселені айыппұлмен ғана жаба салу жөнсіз екенін айтады. Сондықтан бұралқы иттермен күресті күшейту керек деп дабыл қағып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев