Оралда түнгі клубтың жанында төбелескен Ресей азаматтары бес тәулікке қамалды
Оралда жаппай төбелеске қатысқандардың бәрін полиция ұстады, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің Telegram желісі.
30 қыркүйек күні сағат 00:00 шамасында БҚО ПД жедел басқару орталығының инспекторлары сыртқы бейнебақылау камераларын мониторингтеп отырғанда Оралдың түнгі клубтың жанында ер адамдардың төбелесін байқады.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мас күйінде бір-бірімен төбелескен Ресей азаматтарын ұстады.
Бұл факт бойынша материал жиналып, куәгерлерден жауап алынды. Жанжалға қатысушылар Абай полиция бөліміне жеткізілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434, 437-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Оралдың мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК 434-бабында көзделген ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 1992 және 1995 жылы туған РФ азаматтарына 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.
Азаматтық сот жоғарыда аталған РФ азаматтарының ҚР аумағында одан әрі жүріп-тұру мәселесін қарайды.