БҚО-да мектеп оқушысы өзімен қатар балаға оқ атқан

Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданында мектеп оқушысы өзімен қатар балаға абайсызда оқ атқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқыс оқиға Хан Ордасы ауылында болды. Полицияның хабарлауынша, балалар гаражда қараусыз тұрған аңшы мылтығымен ойнаған. Қару жарақат алған баланың ағасына тиесілі екен. Аталған ауданда былтыр да осыған ұқсас жағдай болып, бір бала мерт болды. Қазір осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Айнагүл Сақпосынова, облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының​ баспасөз хатшысы:

- Жағдайдың ауырлығына байланысты ол санавиациямен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда жағдайы орташа ауыр. Жақсарған. Іш құрылысына ешқандай жарақат алмаған. Ота жасалмаған.

Лунара Аманғалиева, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР ҚК 114-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Атыс қаруының иесіне ҚР ӘҚБК 484-бабы ​ 1 бөлігі бойынша хаттама толтырылды.