Оңтүстік Кореяда көз жұмған Мәдина Шерниязованың денесі елге жеткізіледі

Елді қайғыртқан оқиғаның бірі – кешегі Оңтүстік Кореядағы оқиға. Көңіл көтеріп, мерекеге жиылған жұрт аяқ астынан қасірет тартты. Бір кеште 154 адам көз жұмды. Өкініштісі сол көптің ішінде жерлесіміз Мәдина Шерниязованың да болғаны.

Шетте жүрген Мәдина бірнеше тіл білген, телерналар үнемі қолқа салып бағдарламаларға шақыратын, жанып тұрған жас еді деп еске алады достары. 

Мадина Шерниязова Сеулдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірінде магистратурада оқыған. Достары белсенді әрі ашық жарқын еді деп еске алады. Дәмелі Аханова құрбысының қазасы туралы елшілік қызметкерлерінен естіген.

Дәмелі Ақанова, Мадина Шерниязованың құрбысы: 

 - Үнемі бір іспен айналысып, қолы босамайтын. Жоспары көп еді. Бірнеше тілді білетін – қазақ, орыс, ағылшын, кәріс тілдерін. Өте батыл қыз, өйткені мұнда өз бетімен келген. Ата-анасы әрине көмектесіп тұрды. Дегенмен туыстарына көп арқа сүйемейтін. 

Ағылшын және корей тілдерінде еркін сөйлейтіндіктен, Мадинаны телебағдарламаларға жиі шақырып тұрған.

Алтынгүл Аткиева,  № 27 орта мектеп-лицей директорының орынбасары:

 - Өте жақсы қыз. Мектеп-лицейімізді тек төрт пен беске бітірді. Сеулде оқып жатқанын білдік, үнемі түлегіміз ретінде оны мақтан тұтатын едік. Кеше осы қайғылы хабарды естідік. Осындай жастар кетіп жатқаны қайғылы. Мадинаның ата-анасына көңіл білдіреміз.

Достарының айтуынша, Мадина бос уақытын магистратурадағы оқуы мен жұмысына ғана арнаған. Тынығуды білмейтін. Алайда 29 қазанда досымен бірге Итэвон ауданына бір уақ серуендеуге шығады. Адам қарасы көп болғандықтан, үйлеріне оралуды ұйғарады. Бірақ метро станциясына жету үшін тар көшемен жүруге тура келіпті. 

Квон Ги Бом, Мадина Шерниязованың досы:

 - Аяқ астынан артымызда дауыстар естіліп, жұрт алға ұмтылды. Осы кезде Мадина менің қолымды жіберіп алды, ал мені жұлқып, алға алып кетті, Мадина көзімнен жоғалып кетті. Бір-бірімізден айырылып, оны таба алған жоқпын. Артымнан дем алмайтындай қатты қысып жатты, өзім құсып жібердім. Басым айнала бастады. Қасымда тұрған қыздар есінен тана бастады, өйткені бойлары төмен болғандықтан, тыныс алу одан да қиын. Осы кезде Мадина да тап осы хәлде екенін түсіндім. Өзім де өмірімен қоштаса бастап едім, бірақ осы кезде мені өрт сөндіруші шығарып алды.

Ги Бом абыр-сабыр кезінде телефонын жоғалтып алыпты. Сондықтан Мадинаға қоңырау шала алмады. Көп іздеп, табаныннан таусылады. Сөйтіп жүргенде оны өрт сөндірушілер оқиға орнынан алып кетіпті. Таң атарда қаралы хабарды естиді.   

Дәмелі Ақанова, Мадина Шерниязованың құрбысы 

 - Бұл жай ермек, жұрт сыртқа шығып, бірге көңіл көтереді. Кез келген күнде болуы мүмкін еді. Жастар осы мерекені ұнанатындықтан, тап сол күні көп адам шықты.

Қазір достары Мадинаның заттарын жинап жатыр. Пәтерінде тотықұсы болған. Енді оған достары қарайлайды. Көп ұзамай марқұмның денесі Ақтөбеге жөнелтіледі. Оған дипломаттар бар күшін салып жатыр. Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян