Ақмола облысында биыл жол-көлік оқиғасы азайды

Бұл туралы жергілікті полиция басқармасының өкілдері мәлімдеді. Тәртіп сақшыларының сөзінше жол апаты былтырғымен салыстырғанда 4,3 процентке төмендеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған алдын алу шаралары сеп болды, - дейді, полицейлер. Аймақ жолдарында қазір 83 қауіпті учаске бар болса, олардың барлығында арнайы жол белгілері мен ескерту тақталары орнатылған. Одан бөлек, 30 шақты жерге дыбыстық жолақтар, 60 жерден малдың макеті және бас-аяғы 800-ден астам түрлі жол белгілері қойылған. Ал, көлік қозғалысының қауіпсіздігін күнделікті 50 қызметкерден тұратын 25 автопатруль күндіз-түні қадағалайды. Бірақ қанша профилактикалық шаралар жүргізіліп жатса да, өңір жолдарының біраз бөлігі қыстыгүні қауіпті болып қала бермек. Себебі жол тазалау жұмыстары сылбыр.

Азамат Байғазин, облыстық Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда Көкшетау мен Макинск қаласынан басқа барлық аудан орталықтарында қыста жолды қардан тазалайтын арнайы техника жетіспейді. Бұл мәселені жол мекемелерінің басшыларымен талқылап жатырмыз. Одан бөлек, жақында Щучинск-Көкшетау тас жолының алғашқы қардан кейін дұрыс тазаланбағаны анықталып, мердігер мекемеге айыппұл салынды.