Мәсімовтің ісі сотқа тапсырылды

Кәрім Мәсімов 2016 жылдан бастап биылғы жылдың қаңтарына дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен жоғары лауазымды тұлға қаңтардың 6-сы күні тұтқынға алынған еді. Қылмыстық Кодекстің үш бірдей бабы бойынша оған айып тағылған. Араға тоғыз ай салып, Бас прокуратура тергеу ісін аяқтады.

ҚР Бас прокуратурасы:

Айыпталушылар Кәрім Қажымқанұы Мәсімов және Әнуар Төлеуханұлы Садықұлов  мемлекетке опасыздық, билікті күшпен басып алу, ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану туралы баптар бойынша сотқа берілді.

Бас Прокуратура Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Әнуар Садықұловқа бірдей айып тағып отыр. Олардың ісі Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қарауына жіберілді. Мәсімовтың тағы бір орынбасары Дәулет Ерғожиннің ісі де сотқа жолданды.

ҚР Бас прокуратурасы:

Дәулет Еділұлы Ерғожин  билікті күшпен басып алғаны, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда.

Сонымен бірге Мәсімовтың экс-орынбасарлары Бекмұрат, Осипов пен Акиповтың үстінен де  Қылмыстық кодекстің 362-бабының әртүрлі бөлімдері бойынша айып тағылған еді. Бас Прокуратураның бұл  істі «өте құпия» белгісімен жүргізген. Сотта да осы тәртіп сақталмақ.

Авторы: Бақыт Топтаева