Түркістанда жер заңнамасын өрескел бұзушылық анықталды

Түркістанда жер заңнамасын өрескел бұзушылық анықталды

Түркістан қаласының прокуратурасы лауазымды тұлғалардың жер заңнамасын өрескел бұзып, мемлекетке 121 млн теңге залал келтірген әрекетін әшкереледі.

"Қалалық тіркеу және жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы  2020 жылы жер кодексінің 158-бабының талаптарын бұза отырып, 18 жер учаскесінің орналасу пішінін заңсыз өзгерткен", - дейді прокурорлар. Және оны қалалық жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы заңсыз бекітіп берген. Одан кейін бұл жер учаскелері Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы желтоқсандағы қаулысы негізінде мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жылжымайтын мүліктің қатарына қосылған. Бағалау жүргізіліп, шарт жасасқаннан кейін жер қатынастары бөлімі оның иесіне 121 млн теңге өтемақы төледі.

Жаннұр Ахметбек, Түркістан қаласының прокуроры:

- Аталған факті бойынша қала прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп, тексеру бастап, қала әкімдігінің заңсыз қаулыларының күші жойылды. Сотқа жоғарыдағы аталған сомманы өндіру туралы талап-арыз беріліп, Түркістан қалалық сотының 2022 жылғы 20 қазандағы шешімімен жер қатынастары бөлімі мен Атабаевтың арасындағы өтемақы төлеу туралы келісім-шарт бұзылып, Атабаевтан мемлекет пайдасына 121 млн 500 мың теңге және 1 млн 200 мың теңге мемлекеттік БАЖ өндірілді.