Қарағанды облысында алимент төлемеген 9 адамның бас бостандығы шектелді

Жыл басынан бері Қарағанды облысында алимент төлемегені үшін 9 адамның бас бостандығы шектеліп, қоғамдық жұмыстарға жегілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баласына берешек тағы 233 әке іздестіріліп жатыр. Жалпы облыста қазір алимент өндірісі бойынша 19 мыңнан астам іс бар. Оның 1700-ге жуығы берешегін уақытында төлемей жалтарып жүргендер. Мұның басты себебі – жұмыссыздық. Осы орайда жеке сот орындаушылары жұмыс берушілерден мұндай азаматтарды қызметке қабылдауға шақырады. Себебі олардың көлігін тәркілеп, дүние мүлкін аукционда сату, қала берді шетелге шыға алмайтындай етіп шектеу қою аталған мәселенің түйінін шеше алмай тұр. Сондықтан жеке сот орындаушылар жұмыс берушілерді әлеуметтік жауапкершілікке шақырып отыр.

Қайрат Жұмабай, облыстық Жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы:

 - Мемлекеттік қызмет дейміз, мемлекеттік қызметтен басқа техникалық жұмыс орындары болады. Соларға біз қарастырсақ дейміз заң тарапынан. Мысалы бір мекемеге 5 жұмыс орны бос болса, оны әлеуметтік жауапкершілік ретінде 2 адамды алимент бойынша борышкерді қабылдап отырса, біз проблеманы шешер едік.