ШҚО-да жолда қалған саяжайшылар құтқарылды

Еліміздің шығысында омбы қарға батып қалу деректері жиіледі.

Осыған орай төтенше жағдайлар қызметі құтқару операцияларын бастап кетті. Алғашқы шара Глубокое және Ұлан аудандарында жүргізілді. Ең алдымен қалың қардан жүре алмай, ауыл арасындағы жолда тұрып қалған саяжайшыларға көмек көрсетілді. Құтқарушылар оларды бірден жылы көлікке отырғызып, қауіпсіз жерге жеткізді. Ал Ұлан ауданында "Уаз" маркалы көлігіне отырып, діттеген жеріне жетпеген жолаушыны төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бірнеше сағат дегенде әрең тапты. Өйткені оның көлігін төбесіне дейін омбы қар басып қалған екен. Абырой болғанда дер кезінде жеткен құтқарушылар көлікті қардан аршып, жүргізушіні ашық жолға шығарып салды. Айта кетсек, қазір өңірдегі трасса бойында 10 жылыну бекеті бар.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД бас маманы:

- Осы демалыс күндері  ШҚО құтқарушылары тұрғындарға осы өңірде болатын дауылды ескерту туралы хабарлаған болатын. Қалың қардың жаууы, желдің соғуы, көктайғақ болуы туралы ауа райы болжамын алдын ала ескерткен. Осы жағдайға қарамастан кейбір осы ескертулерді немқұрайлы қарайтын азаматтар жолға шығып соның салдарынан жолда қалып қойған оқиғалар болды.