Ақтөбедегі жол апаты: бес бала хәл үстінде жатыр

Жасөспірімдер мінген көліктің жүргізушісі рулде қалғып кеткен болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы  Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Байжанов мәлімдеді. Жол апатынан  12 жасар бала  көз жұмса, 8 жасөспірім  мен жас жаттықтырушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді.

Облыс орталығына бет алған көліктің рулінде спорт мектебі директорының орынбасары отырған.  Апаттан бір жасөспірім көз жұмды.  Жүргізушіден өзге жолаушының барлығы ауруханаға жатқызылды.  Жаттықтырушы мен 5 бала әлі реанимация бөлімінде жатыр.

Рүстем Исаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Балалардың жалпы жағдайы ауыр қалыпта. Оң нәтиже, динамика бар балаларда. Қазіргі таңда бес баланың ішінде реанимацияда жатқан үшеуі өз есіне келді, операция жасалды. Екеуі ИВЛ-да жатыр. Жасанды өкпе желдеткішінде. Бірақ положительный динамика бар неврологически.

Полицейлердің айтуынша балаларды тасымалдау ережесі өрескел бұзылған. Сапарды ұйымдастыруға жауаптылар  арнайы жабдықталған автобусты да алдырмапты. Қазір бұл дерекке қатысты бірнеше іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Ғалым Байжанов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Сараптама жүргізушінің мас емес екендігін көрсетті. Бірақ шаршап келе жатып, қалғып кеткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық кодекстің 345 бабы 3 бөлімі бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жүргізуші жылдамдықты асырып, көлікті басқара алмай жолдың жиегіне аударылып кеткен. Сондай ақ көлікте жолаушылар да көп болған.

Спорт мектебі тарапынан да қауіпсіздік  қамтамассыз етілмеген.  Атап айтқанда жасөспірімдер мінген көлікке жол бастап жүретін патрульдік полицияға өтініш болмаған. Осыған орай немқұрайлылық танытқан лауазымды тұлғаларға қатысты да тергеу амалдары басталды.

Евгений Гончаров, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Соның нәтижесіне сәйкес спорт мектебі директоры мен орынбасары, жаттықтырушы жауапкершілігі белгілі болады. Өзіме келер болсам қызметтен кетіп-кетпеу туралы шешімді қабылдайтын мен емес. Мұндай жағдай бірінші рет орын алып отыр. Сондықтан анық-қанығы белгілі болған соң шешім қабылданады. Бірақ жауапкершіліктен қашпаймын.

Өңірдегі спорт мектептерінің денінде балаларды таситын автобус жоқ. 40-қа жуық мамандандырылған білім ордаларының тек 9-ы ғана өздеріне тиесілі арнаулы көлікті пайдаланады. Қалғандары болса қажет кезде жергілікті білім бөліміне өтініш білдіреді. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков