Қарағандыда жарылғыш зат қойылды деп ақпарат таратқан қылмыскер іздестіріліп жатыр

Қарағандыдағы 12 мектепке жарылғыш зат қойылды деп елді дүрліктірген қылмыскер іздестіріліп жатыр.

Қаланың әр ауданында орналасқан білім ошақтарының электронды пошталарына бір уақытта хабарлама түскен. Тәртіп сақшылары оқушылар мен ұстаздарды эвакуациялап, ғимаратты түгел тексеріп шыққан. Алайда ештеңе табылмады. Енді жалған ақпарат таратқан азамат, заң алдында жауап береді. Ал оқушылар мектебіне оралды.

Бақытжан Құдияров, Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 273 бабына сәйкес, яғни терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен хабарламаны жіберген адамды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде.