Қарағандыдағы 16 қабатты тұрғын үйде болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау ашық от көздерінен шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың біразы баспаналарына оралды. Ал кейбірінің пәтері судан қатты бүлінген. Келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.

- Мынаның астының бәрі су міне көрдіңіз ба? Неге қопарады, мынаның бәрін қопарған. 

Үй тоқ көзіне қосылып, түтін басылған соң тұрғындардың біразы бүгін шаңырақтарына оралды. Ал кейбірі баспаналарына әлі де кіре алмай отыр, пәтерлері судан қатты бүлінген. 

Еркін Құсайынов, қала тұрғыны:

- Осында 3 немереміз бен ұлымыз, келін тұрады. Қалай оралады? Мынаның барлығын жөндеу керек қой. Енді пәтер жалдап тұра ма, білмеймін. Төтенже жағдайлар қызметкерлері мынаның бәрін ашып, су құйған ғой. Енді мынаның бәрі шығын ғой.

Өрт сөндіру кезінде ең көп зардап шеккен – 7-ші қабаттағы Вадим Ахмедиянов. Пәтерінің төбесінен әлі су сорғалап тұр. Қыстың көзі қырауда, енді оны кептірудің өзі қиямет-қайым, - дейді.

Вадим Ахмедиянов, қала тұрғыны:

- Қазір мүлікті бағалайтын маман іздеп жатырмын. Келген шығынның барлығын есептетіп, сотқа жүгінемін. Пәтер суға көлкіп тұр, жиһаздар түгел бүлінді.

Төтенше жағдай мамандарының мәліметінше, барлығы 8 пәтерге су кірген. Тұрғандары уақытша жатақханаларға орналастырылды. Жергілікті билік оларға барлық көмектің көрсетілетінін жеткізді. 

Ардақ Асылханұлы, тілші:                     

- Өрт 8-ші қабаттағы дәл осы пәтерден шыққан. Қызыл жалын 30 шаршы метр аумақты шарпыды. Көріп тұрғандарыңыздай, пәтердің саутамтығы қалмаған. Қазір мұнда мамандар жұмыс істеп жатыр.

Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау ашық от көздерінен шыққан. Ал нақты себебі зертхана мамандарының қорытындысынан соң белгілі болады. Анығы, өрт жатын бөлмеден басталған. Мерт болған 70 жастағы үй қожайыны – полиция полковнигі. Қарағанды академиясында еңбек еткен. Қаза болған екінші адам – оның жұбайы, ал үшінші адам – туған ағасы.

Мұрат Қатпанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- Табылған адамдар өз бөлмелерінде болған. Ұйықтап жатқан кезде сол түтіннен мүмкін тұншығып қайтыс болған. Ешқандай жарақаттары жоқ, күйген жерлері жоқ. Тек сол аман қалған адамның ісінен бе? Мүмкін ол байқаусызда темекісін сөндірмей ұйықтап қалды ма? Ашық от шыққаннан өрт пайда болған.

Өрт шыққан пәтерден құлап кеткен 44 жастағы азамат аулада тұрған көліктің үстіне түскен. Содан аман қалған болуы керек. Аяғы мен кеуде сүйегі сынған. Қазір жансақтау бөлімінде. Денсаулығы жақсарған соң басты куәгер ретінде одан да жауап алынбақ. Қазір аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.