Жетісу облысында жылу қазандығы жарылып, адам қаза тапты

Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Қазақстанның 10 жылдығы ауылында жаңадан салынып жатқан мектептің жылу қазандығы жарылып, салдарынан 1965 жылы дүниеге келген жұмысшы қаза тапты.

Марқұмның артында 5 баласы қалды. Мектеп жасындағы ұл-қыздары жоқ. Бұл оқиға бүгін таңертең 8-ден 52 минут кеткенде болды. Қазір жарылыстың себеп-салдары анықталып жатыр. «Аталған білім ошағының құрылысы былтыр басталып, биыл сәуірде аяқталуы тиіс еді. Бірақ мердігер бізге ол құрылыс нысанын әлі тапсырған жоқ», - деді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Айгүл Айманбекова. Қазір бұл іспен полиция мен өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері айналысып жатыр. 

Сергей Огай, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Дизель отынының буы жиналуына байланысты сыйымдылығы 500 литрлік ыдыс жарылып, аумағы 22 шаршы метрлік жылу қазандығы өртенді. Таңғы саат 9-дан 28 минут кеткенде өрт сөндірілді. Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімі қылмыстық кодекстің 292-бабы, 2-бөлігімен іс қозғады. Қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу жүріп жатыр.