Горельник шатқалындағы оқиға бір өрт сөндірушінің өмірін қиды

Тауға әдейі өрт қойған болуы мүмкін. Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин осындай болжам барын айтады.

Горельник сайы әлі жанып жатыр.

Өкініштісі, сол жерде қызмет бабында жүрген бір өрт сөндіруші опат болды. Тағы біреуі қолынан жарақат алған.

Горельник шатқалындағы өрт Арслан Құрманбеков есімді өрт сөндірушінің өмірін қиып кетті. Жас жігіттің жасы небары 30 да ғана еді. Ол Алматыдағы  нөмірі жетінші өрт сөндіру бөлімінің аға сөндіруші-құтқарушысы болған. Қызметтік борышын өтеу барысында түнгі сағат 1 жарым шамасында тау баурайындағы өртті сөндіру кезінде мерт болды. Қураған ағаш өртеніп, опырылып құлаған. Ал мамандандырылған жасақ бөлімшесінің командирі Ерік Оқасов қолын жарақаттады.

Еркебұлан Оразалин, Медеу ауданының әкімі:

- Алдымен түнделетіп адамдарды қойған болатынбыз. Бірақ, өкінішке қарай, қайтыс болған қызметердің есебінен жұмыстарды тоқтаттық. Қазіргі таңда кешегі 8 мың шаршы метрдің 3 мың шаршы метрі қалып жатыр. Таң атқанша өртті сөндіруге жоспарлап отыр.

Бұл жер  «Іле Алатауы» ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалы Кіші Алматы орманшылығына қарайды. Еске сала кетейік, 2011 жылы дауыл кезінде сол аумақта 5 мыңға тарта Тянь-Шань шыршасы құлаған болатын.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, мұндай тау беткейіндегі өртті сөндіру өте қиын. Себебі арнайы техника бара алмайды. Қазір менің ту сыртымдағы тау баурайына өрт сөндірушілер жаяу шығып, қолдағы бар құралдарымен қызыл жалынды оқшаулауға тырысып жатыр.

Өртті сөндіруге 100-ден астам адам, 15-ке жуық арнайы техника мен «Қазавиақорғау» мекемесінің тікұшағы тартылды. Дегенмен тілсіз жауға тойтарыс беру мүмкін болмай тұр.

Оспан Омаров, қалалық ТЖД жедел кезекшінің орынбасары:

- Өрттің сөндірілуінің күрделеніп жатқан себебі желдің қайта-қайта бағытының ауыстыруы болып жатыр және тау өте тік болғандықтан, құрамның шығып түсуі өте қиын болып жатыр. Құрғақ ағаштардың жануы. Ол құрғақ ағаштар отқа шыдамай, төмненге қарай түсіп жатыр. Сонымен қоса жеке құрамның өміріне қауіп төндіріп жатыр. Бөренелер құлап жатыр.

Құтқарушылар осының бәрі өрт қауіпсіздігі шараларының сақталмауынан дейді. Тауда тынығып отыратын арнайы орындар бар. Десе де демалушылар оны айналып өтеді. Тіпті қураған ағашқа әдейі өрт қойған деген де жорамал бар. Алғашқы жасақ жеткен кезде таудан түсіп келе жатқан 2 адамды байқап қалған. Қазір олар іздестіріліп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов.