Түркістан облысында жол апатынан 9 адам көз жұмды

Түркістан облысында ірі жол-көлік апатынан 9 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы 13 адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. 3 автокөліктің қатысуымен болған қайғылы жағдай облыстық маңызы бар «Екпінді-Созақ» тасжолында тіркелді. Полиция департаментінің алдын-ала болжамы бойынша, «Nissan» маркалы автокөлікті тізгіндегін жүргізуші белгісіз себептермен жолдың қарсы бағытына шығып кеткен.

Полиция қызметкерлері апатқа қатысты қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Бағланбек Айтпаев, облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

- Облыстық маңызы бар «Екпінді-Созақ» тасжолының 304 шақырымында жол көлік оқиғасы болды. Салдарынан 3 автокөлік соғысып, барлығы өртеніп кетті. Апаттан 9 адам қаза тауып, 13 адам ауруханаға жеткізілді. 2 адам медициналық көмектен бас тартты.