Маңғыстаудағы кен орнындағы өрт сөнбей жатыр

Маңғыстаудағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында өртті сөндіру мүмкін болмай отыр.

Мердігер мекеме жұмысшылары апат болған ұңғыма жанынан көлденең қазуды әлі бастаған жоқ. Себебі кейбір құжаттар дайын емес. Есіңізге сала кетсек, «Бозашы мұнай» компаниясына тиесілі кен орнында 9 маусымнан бері мұнай ұңғымасы жанып жатыр. Мамандардың болжауынша, өрт қыркүйекте сөндірілуі мүмкін. Ұңғыма маңында екі бұрғылау алаңы салынып, құрал-жабдықтар жеткізілген. Жеке серіктестік газ фонтанын жоюға 300 миллионнан аса теңге жұмсаған. Төтенше жағдайға байланысты шығын көлемі артуы ықтимал. Экологтар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің өкілдері жағдайды бақылауда ұстап отыр. Жалын өшірілген соң арнайы комиссия табиғатқа келген залал көлемін есептеуге кіріседі.

Данияр Дүйсембаев, серіктестік басшысының орынбасары:

- Өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары бізге бұрғылау ерітіндісін көбірек дайындауды сұрады. Бұл көлденең бұрғылау жұмыстары үшін қажет. Сондай-ақ жетпей тұрған құжаттарды дайындауды да жеделдетіп жатырмыз. Оларды мердігер, яғни бұрғылау мекемесі әзірлеп бізге тапсыруы керек. Жалпы техникалық тұрғыдан барлығы дайын. Көлденең бұрғылау басталған күнде шамамен 20 күнде аяқтау жоспарда бар. Тереңдігі 1200 метрдей скважина қазылған соң, ұңғымаға бетон ерітінді құйылады.