СҚО-да бруцеллез ошағы анықталды

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 200-ге жуық ірі қарадан бруцеллез анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті дерт әсіресе Ақжар, Айыртау, Аққайың, Уәлиханов және Қызылжар аудандарынан табылған. Соңғы дерек Плоское елді мекенінде тіркелді. Мұнда зертханалық тексеруден кейін жеке кәсіпкердің және тұрғындардың малы кеселге шалдыққаны расталды. Ветеринар мамандардың айтуынша, уайымдауға еш негіз жоқ. Олардың барлығы санитарлық союға жіберіліп, бүгінде мұнда шектеу шаралары енгізілді. Яғни, елді мекенде мал союға, ет және сүт өнімдерін сыртқа сатуға уақытша тыйым салынды.

Айта кету қажет, өңірде мамыр айында қауіпті індетті бір адам жұқтырып алған. Бүгінде оның жағдайы жақсы. Науқас жыл бойы дәрігердің бақылауында болады.

Аманжол Нұртазин, облыстық ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы:

- Жаңа зертханалық зерттеулерге байланысты және ветеринар мамандардың кәсібилігінің арқасында бруцеллез ауруын дер кезінде анықтай бастадық. 144 ірі қара сойылды. Тұрғындарға 17,4 миллион теңге өтемақы төленді. Қалғандары тиісті құжаттарды жинағаннан кейін қалған сома өтелетін болады.