БҚО-дағы елді мекендерде екі жүзден астам үйді су алды

Батыс Қазақстан облысында тәуліктен асқан толассыз жауыннан кейін өзендер деңгейі күрт көтерілді.

Қырдан құлаған қызыл су бірнеше ауылды басқан. Соңғы тәулікте Тасқала ауданындағы Шежін өзені 237 см көтерілген. Соның салдарынан Мереке ауылында 4 үйге су кірген. Теректі ауданының Аңқаты ауылында 16 үйді су басып, 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшіріліпті. Подстепное, Теректі ауылында да ондаған үйге су кірген. Ал Қаратөбе ауылында тұтас ауыл су астында қалды. Жақсыбай өзені тасуы салдарынан Қоржын ауылы сыртындағы бөгет бұзылып, 130 үй түгелге дерлік суға кетті. Қазір бала-шаға мектепті паналап отыр.

Нұрболат Кенжеғалиев, Аққозы ауылының тұрғыны:

- Қора-қопсылар құлап жатыр. Үйлерге кіріп жатыр. Әйел-балалар кішкентай таңмен трактормен жинап6 мектепке алып кетті. Бәрі суда қалып қойды түгел. Бөгеттен әлі келіп жатыр, ауылдың іші теңіз болып кетті. Қозы-лақтар бәрі суға кетіп жатыр. Ауылда 125-130 үй ме, бәрі суға кетті. Енді қайтадан үй болмайтын шығар, уже құлап жатыр алды.

Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:

- Бәрін мектепке көшіріп жатыр. Біздің төтенше жағдай мекемесінің қызметкерлері сонда жүр арнайы техникамен. Қайықтарымыз бар, үлкен вездеход машиналар бар. Қазір солармен көшіріп жатыр. Адамдарды бірінші аман-есен алып қалу. Мектеп ғимаратына екі қабат қой, қалай болғанда да. Сонда орналастыру, ары жақтан қауіпсіз жерге шығару ғой, басты мәселе сол ғой. Вертолет пе, басқа мәселе ме, қарастырамыз.