«ҚазАтомӨнеркәсіп» ЭКСПО-дағы павильонын ашты

Халықаралық көрме аясында «Атом энергиясы әлемі» павильоны шымылдығын түрді. 1 мың шаршы метр аумақты алып жатқан кешенді «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамы мен оның серіктестері – Канада, Франция, Ресей компанияларымен бірлесе құрған. Экспозиция атом өнеркәсібі, ядролық отын өндірісі, атом энергетикасының қауіпсіздігі, экологиялық тиімділігі туралы толық мәлімет беретін 9 тақырыптық нысаннан тұрады.

Ядролық отын циклының уран өндіруден бастап, пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеуге дейінгі барлық кезеңдері макеттер мен интерактивті ойындар көмегімен көрнекі түрде көрсетілді. Келушілер виртуалды нақтылық көмегімен кеніште «болып», уранның ең прогрессивті және экологиялық қауіпсіз әдісі – жер асты ұңғымалы шаймалау тәсілімен қалай өндірілетініне көз жеткізді. Қазатомөнеркәсіп өндірістің негізгі процестерін автоматтандыруға кірісті.

Асқар Жұмағалиев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК басқарма төрағасы:

- Әлемдік 4 өнеркәсіптік революция деген бар. Жұмыстың бәрін роботтандыру, сандық технологиялар арқылы атқару мәселесі. Біз бүгін бірнеше серіктес компаниялармен келісімге отырдық. Барлық кәсіпорындарымыз сандық технологияға көшеді. Осының бәрі Елбасының тапсырмасы аясында жасалып отыр.

Келушілер осы павильонда өткізіліп тұратын түрлі конференция, семинар және таныстырылымдар барысында атом энергетикасы, уран кәсіпорындары мен серіктес компаниялар туралы толығырақ білуіне болады. «Атом энергиясының әлемі» экспозициясының басты мақсаты – жұртшылыққа болашақтың қауіпсіз және тиімділігі жоғары энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған бейбіт атомды дамыту идеясын ұсыну, қазіргі жетістіктермен таныстыру.

Асқар Жұмағалиев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК басқарма төрағасы:

- Бүгінгі панелдік сессияға қатысқандар атом энергетикасының болашақ энергиясы екеніне көзі жетті деген сенімдемін. Себебі атом энергетикасы климаттық өзгерістерге төтеп бере алатын, экологиялық таза энергия. Сонымен қатар, ол ауа райынның құбылыстарына тәуелсіз, тұрақты энергия көзі болып табылады.

«Атом» павильонының бірінші жұмыс күніндегі негізгі оқиға - «Ядролық энергия – болашақтың энергиясы» тақырыбымен өткен панельдік сессия болды. Кездесуге әлемдік атом саласындағы жетекші компаниялардың топ-менеджерлері: қатысты. Сессия барысында спикерлер қазіргі заманғы ядролық энергетиканың өзекті мәселелерін, атом өнеркәсібін дамытудың перспективаларын талқылады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Санжар Жартиев