USD 326.17

EUR 402.05

РУБ 5.34

Ауғанстан Қазақстанның бітімгершілік миссиясына сенім артып отыр

Ауғанстан Қазақстанның бітімгершілік миссиясына сенім артып отыр

Ресми Кабул бүкіл әлемге белгілі бренд болып қалыптасқан Астананың бейбітшіл саясатына үміт артып отыр.

«Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі Ауғанстан мәселесін шешуі мүмкін», дейді осы елдің уақытша сенімді өкілі Хайри Мохаммад Хумаюм. Айта кету керек, 2016 жылдың өзінде мұнда 11 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Келісім жоқ жерде керіс бар. Алауыз Ауғанстанның алқам-салқамы шықты атыс-шабыстан. Төңіректегі тұрақсыз жағдай Қазақстанды да алаңдатпай қоймайды. Осы айда біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тізгінін ұстадық. Енді Орталық Азия аймағында терроризмге төтеп беріп, тұрақтылық орнату үшін арнайы резолюциямызды ұсынуға ниеттіміз. Бұл құжатты Кеңес мүшелері бірауыздан қолдайды деп, бізден бөлек ресми Кабул да үміттеніп отыр.

Хайри Мохаммад Хумаюм, Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі:

– Ауғанстанға «Талибан», «Ирак пен Левант лаңкестік ұйымдарының» террористері тарапынан үлкен қауіп төніп отырғаны жасырын емес. Қазір бұл мәселе дүние жүзін алаңдатып отыр. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі лаңкестердің ықпалын азайтуға септесе алады. Қазақстанның төрағалығы тұсында біздің мемлекетке қатысты көкейкесті сұрақтар шешімін табады деген үміттеміз.

Қазақ агротехникалық университетінде білім алып жүрген ауғанстандық студенттер де территорияға таласқа тосқауыл қою үшін Қазақстанға үлкен үміт артып отыр. Хафизулла Кадри жақында Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трампқа әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдады. Туған еліне тыныштық орнатуға септігін тигізсе деген ниетпен. Жас жігіттің жан айқайын Facebook қолданушылары бірден қолдап кетті.

Хафизулла Кадри, ауғанстандық студент:

– Ауғанстанда бейбітшілік болсын деп үндеу жасадық. БҰҰ ҚК бізді естісе, мүмкін,Ауғанстанда бейбітшілік орнар. Біз, жастар Ауғанстанда бейбітшілік болғанын қалаймыз. Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп бізді тыңдаса, бейбітшілік келуі мүмкін.

Ауғанстандағы тұрақсыздық бүкіл Орталық Азияға төнген қауіп. Сондықтан әлеммен сәлемі түзу Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінде бұл мәселенің кілтін таппақ. 

Авторлары: Ж.Біркенов, Н.Базаров, Ж.Битабаров, Д.Сейдахметов 

Хабар 24 әлеуметтік желілерде