USD 325.20 EUR 401.65 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Бес саяси партия өкілдері дөңгелек үстел басында бас қосты

  • 121
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Бес саяси партия өкілдері дөңгелек үстел басында бас қосты

Жастардың білім-ғылымға, аграрлық салаға және инновациялық технологияларға деген қызығушылығын арттыру қажет.

Бүгін елордада өткен саяси партия өкілдерінің келелі кеңесінде өскелең ұрпақ тәрбиесіне қатысты осындай орамды ой айтылды. Қатысушылар еліміздің әл-ауқатын арттыруға арналған Президент бастамаларына да үн қосты.

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының бұл отырысы елдегі саяси һәм экономикалық мәселелерге айрықша ден қойылғанын айғақтайды. Бес бірдей саяси партия өкілдерінің дөңгелек үстел басында бас қосып, қызу пікір алмасуына себеп көп. Ең алдымен Елбасы Жолдауынан туындайтын межелі міндеттерді тереңінен түйсіне білу маңызды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

– Елбасымыздың биылғы жолдауын мен осыған дейінгі мемлекетті саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыртуға бағытталған аса үлкен бастамалардың заңды жалғасы деп есептеймін. Және бұл жолғы жолдау – әрбір қазақстандыққа, оның өміріне, оның денсаулығына, оның әл-ауқатына деген Елбасының нақты қамқорлығын айқын көрсетіп отырған жолдау. Сондықтан сіздер мен біздердің ендігі жердегі мақсатымыз осы жолдаудың әрбір бастамасын, әрбір жақсылығын барша қазақстандықтарға жеткізу деп есептеймін.

Қазақстанды жүйелі жаңғыртудың басым бағыттары өндірістік сала өкілдеріне зор жауапкершілік жүктеді. Себебі Президент индустрия, агроөнеркәсіп, логистика салаларында цифрландыру саясатын жүзеге асыруды міндеттейді. Тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық секторға да жаңа технологияларды енгізу күн тәртібіне шығарылды.

Азат Перуашев, «Ақ Жол» демократиялық партиясының төрағасы:

– Елбасы осы жолдауында нақты секторда істейтін өндірушілерді сол жаңа технологияларды пайдалануға итермелейтін әдістеме әзірлеуді тапсырды. Меніңше, қазір осындай жаңа технологияларды пайдалану үшін компанияларға мемлекет тарапынан преференция қарастыруымыз қажет болатын шығар.

Бизнес қауымдастық өкілдерінің айтуынша, жолдау аясындағы міндеттер қазақстандық брендті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әсіресе ауыл шаруашылығында кешенді жоспарлар жүйелі жүзеге асырылуы тиіс. Осы ретте жиынға қатысушылар жастардың аграрлық салаға деген қызығушылығын арттыру қажеттігін алға тартты.

Марат Әубәкіров, ҚКХП орталық комитетінің мүшесі:

– Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған құжаттар жеткілікті. Өндірісті өркендетуге күш-жігер жұмсалып жатыр. Бірақ бір мәселе бар. Ауылда қалатын, онда баратын жастар аз. Бұл мәселені нақты қолға алу үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынамын. Елбасы өз жолдауында білім саласының да мән-маңызын айшықтады. Сондықтан жастар оны тереңінен түсінсе деймін.

Президент өз жолдауында мұғалімдер жалақысын арттыру жөнінде нақты тапсырма берді. Есесіне ұстаздар қауымы интеллектуалды ұлт қалыптастырып, өскелең ұрпақты жаңа технологияларға бейімдейтін болады. Яғни келешек үшін қажетті маман даярланып, озық ойлы жастар қатары арта түседі.

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

Елбасы да атап кетті. Жұмыссыздық та шыға бастайды. Жұмыссыздықты жою жолдары да көрсетіліп жатыр. Біріншіден, қайтадан білімді арттыру. Кешегі заңгерлер, экономистер заманы кетіп жатыр. Қазіргі таңда білімді іскер, қолынан кәсіп келетін адамдардың заманы келді.

Коалиция мүшелері осылайша Елбасы Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттерді егжей-тегжейлі електен өткізді. Саяси ұйым және қоғамдық бірлестік өкілдері енді құнды құжатты жастар арасында жан-жақты түсіндіруге атсалыспақ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Өмірбек Ізімов 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top