USD 319.65

EUR 392.60

РУБ 5.63

Елбасы тапсырмаларын орындау бойынша министрліктердің жоспарлары Үкіметте қаралды

  • 199
Елбасы тапсырмаларын орындау бойынша министрліктердің жоспарлары Үкіметте қаралды

Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын қалтқысыз орындау – міндет.

Бүгін министрлер кабинеті осы мәселелерді талқылады. Әр ведомство басшысы жоспарларын баяндап, атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен бөлісті. Жиында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз баяндамасын еліміздің мемлекеттік қарызынан бастады. Оның айтуынша, қазір бұл көрсеткіш жалпы ішкі өнімге шаққанда 26 пайызға тең. 4 жылдан кейін оны шамамен 3 пайызға төмендету жоспары бар. Қазір квази-мемлекеттік сектордың сыртқы қарыздарының көлемін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ведомство басшысы өз сөзінде салық жинау мәселесіне баса назар аударды. Бұл бағыттағы саясаттың арқасында 2025 жылы бюджетке түсетін салық көлемі жалпы ішкі өнімге шаққанда 25 пайызға жетуі тиіс.

Тимур Сүлейменов ҚР Ұлттық экономика министрі:

– 1 қаңтардан бастап елімізде төртінші деңгейлі бюджеттер енгізіліп отыр. Бүгінде мемлекет қазынасына ауылдар, елді мекендер және 2000 мың тұрғыны бар ауылдық округтер салық төлей бастады. Әр 3 айда біз Қаржы министрлігімен бірге салық төлеу үдерісін қатаң бақылауға алып, есеп дайындаймыз. Нәтижесінде ауылдық жерлердің бюджетін нығайту бойынша ұсыныстар әзірлейміз.

Биыл өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу бойынша біршама іс атқарылады. Өткен аптада ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған Мәдина Абылқасымова ведомствоның осы бағытттағы жоспарларымен бөлісті. Алдымен өз ісімен айналысып жатқандарға салықтық жеңілдіктер қарастырылады. Екіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы түсінік заңға енгізілуі тиіс.

Мәдина Абылқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Салықтық кодекске тездетіп тиісті өзгеріс енгізуді сұраймыз. Біз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды рәсімдеудің жол картасын әзірлейміз. Ел өңірлерінде тіркелмеген кәсіпкерлерді салық төлеу жүйесіне енгізу бойынша жұмыс жүргіземіз. Кейін олардың барлығын зейнетақы және міндетті медициналық сақтандыру жүйелеріне тіркеуге жағдай жасаймыз.

Елбасы Үкіметке тапсырма бергенде тұрғын үй мәселесін де қозғаған болатын. Осы орайда Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биыл баспана алуға берілетін несие көлемі 350 миллиард теңгеге жететінін айтты. Яғни тұрғын үй саны шамамен 7 пайызға артады. Жыл соңына дейін 11,25 миллион шаршы метр баспана өз иелеріне табысталуы міндет.

Жеңіс Қасымбек ҚР Инвестициялар және даму министрі:

– Тұрғын үйлердің халыққа қолжетімді болуы үшін ипотекалық несиелерді арзандату мәселесін қолға алып отырмыз. 2030 жылға дейін әр адамды 30 шаршы метр баспанамен қамтамасыз етеміз. Биыл коммерциялық банктер құрылыс компанияларына 125 миллиард теңге субсидиялық несие және 105 миллиард теңге ипотекалық несие береді. Сонда экономикалық белсенді халық арасында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары 12 пайызға артады.

Жиында Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де айтылды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев оған қанша қаражат жұмсалатыны әзір белгісіз екендігін жеткізді. Қазіргі уақытта кәсіпорынның техникалық экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Ал келер жылы құрылысы басталады.

Авторлары: Дариға Тәшенова, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 әлеуметтік желілерде