352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Нұр Отан» партиясының қатары толықты

  • 221

Елорданың мерейтойы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы жаңа мүшелерімен толықты.

Астанада салтанатты жағдайда өз саласында жетістікке жеткен мамандарға партиялық билеттер тапсырылды. Партия мүшесі атануға жас кәсіпкерлер, жас ғалымдар мен қоғам қайраткерлері ниет білдірген. Оларға қатаң іріктеуден өтуге тура келді. Нұрсұлтан Назарбаев партияластарына партия жұмысын жаңғыртып, кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында жаңадан қабылданатын мүшелердің санына емес, сапасына ден қоюды тапсырған болатын. Астананың жиырма жылдығына орай Елордаға еліміздің әр аймағынан жиырмаға жуық үміткер іріктеліп, Мәулен Әшімбаевтың қолынан партиялық билет алды. Енді жаңа партия мүшелері Елбасының бастамаларын жүзеге асыруда аянбай еңбек етуге ниетті.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Ата-бабаларымыз алып мемлекеттер санасатын, дамыған елдермен терезесі тең, егемен, тәуелсіз, қуатты мемлекет құруды армандады. Сол армандар бүгін жүзеге асырылып жатыр. Астанамыз – Қазақстан тәуелсіздігінің аясында жеткен жетістіктеріміздің айқын символы.

Партия билеттері әртүрлі сала өкілдеріне табысталды. Олардың қатарында отандық программистер көп екен атап өткен жөн. Қазіргі күні IT мамандар партияның балаларға арналған тегін мың IT-сыныптарды ашу жобасына белсенді араласуда. Сондай-ақ бүгін партияның қатарынан өткен азаматтардың арасында жас кәсіпкерлер, жас ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар. Еліміз бойынша Астана күні мерекесіне орай «Нұр Отан» партиясының қатарына 2 мыңнан аса адам қабылданды.

Мерей Қарт, Қазақстан жазушылар одағы Семей қалалық филиалының төрағасы:

– «Нұр Отан» партиясының құрамына кірудегі мақсатым – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өз үлесімді қосу және біз қатарлас жас ақын-жазушылардың мүддесін қорғау.

Әбүтәліп Мүтәлі, «STEM Academy» орталығының негізін қалаушы:

– Астананың 20 жылдығына орай партия құрамына кіріп жатқаныма өте қуаныштымын. Партияға кірудегі мақсатымыз – партияның қазіргі алып отырған бағдарын қолдау, партия бастамаларын қолдау және оны халыққа насихаттап жеткізу.

Хабар 24 телеарнасы