361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мемлекет басшысының атына өзге елдердің президенттерінен құттықтау хаттары келіп жатыр

  • 145

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Елбасының басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін атап көрсетті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Сіздің көшбасшылығыңыздың, дана әрі көреген саясатыңыздың нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттілігі нығайып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, беделі күннен-күнге артып келеді.

Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды дамытып, нығайтуға өлшеусіз үлес қостыңыз. Әзербайжан мен Қазақстанның достығы мен ынтымақтастығының әріптестікке негізделген стратегиялық сипаты алдағы уақытта да халықтарымыздың мүддесіне қызмет ете беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.

***

Украина Президенті Петр Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық, күш-жігер және жаңа жетістіктер, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

«Украина мен Қазақстан арасындағы достық және әріптестік қарым-қатынастар, сондай-ақ халықтарымыз арасындағы ізгі байланыстар екі елдің одан әрі өсіп-өркендеуіне және өзара тиімді ынтымақтастығына негіз болады», – делінген жеделхатта.

***

Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян өзінің құттықтауында екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар мен өзара құрметке негізделген күш-жігер Армения мен Қазақстанның байланыстарын одан әрі өркендетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

«Сіздің Мемлекет басшысы ретіндегі ел экономикасын дамытып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған қызметіңіз, өзіңіз жүргізіп отырған орнықты бағдардың арқасында, мемлекетті қалыптастыру тұрғысынан өзіндік қолтаңбаңызды айшықтайды», – делінген жеделхатта.

***

Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл өзінің құттықтау хатында еліміздің өсіп-өркендеуі үшін Қазақстан Президентінің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды атап өтеді.

«Қазақстанның ұлт көшбасшысы бола отырып, Сіз өзіңізді салмақты әрі дәйекті шешім қабылдай білетін талантты басшы ретінде көрсеттіңіз. Атап айтқанда, республиканың игілігіне айналған берік дінаралық келісім мен ұлтаралық түсіністік Сіздің бастамаларыңыздың айқын жемісінің көрінісі болып саналады», – делінген жеделхатта.

Хабар 24 телеарнасы