352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық депутаттар ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының ХХVII сессиясына қатысты

  • 176

Қазақстан Республикасының Сенат және Мәжіліс депутаттары Германияда өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының ХХVII сессиясына қатысты.

Отандық делегацияны сенатор Төлеубек Мұқашев бастап барды. Сессияға барлығы ұйымға мүше 57 мемлекеттің өкілдері келген.

Терроризммен күрес, кибершабуыл, көші-қон дағдарысы, әйелдер құқығы. 57 мемлекеттен жиналған 300-ге жуық парламент депутаты осы сынды бірқатар мәселені талқылады. Неміс бундестагында 5 күнге жалғасқан жиын жұмысына отандық депутаттар да қатысты. Басты назар ұзаққа созылған кикілжіңдерге аударылды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының қатысушылары Украина шығысы мен Таулы Қарабахта бейбітшілік орнатуға шақырды. Сондай-ақ делегаттар парламентаралық байланысты нығайтуды да сөз етті. Қазақстандық депутаттар барлық панельдік сессияға атсалысып, кездесу форматының тиімділігін айтты. 

Михаил Бортник, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Парламентарий өкілдері үшін қолайлы алаң. Біз әріптестерімізбен Қазақстанда атқарылып жатқан жұмыстар туралы бөлістік. Елде жүзеге асырылып келетін Президент бастамалары жөнінде сөз еттік. Оның ішінде адами капиталды нығайтуға баса мән бердік. Еуропа елдеріндегі жүйелі тетіктерді де назардан тыс қалдырмадық.

Сонымен қатар конференция шеңберінде біздің парламентарийлер Германия Федеративтік Республикасының президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесіп, басқа да елдердің депутаттарымен екіжақты жүздесулер ұйымдастырды. Олар кәрі құрлықта дендеген мәселелерге қатысты пікірін білдіріп, Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім саясатының қайталанбас тәжірибесімен бөлісті.

Төлеубек Мұқашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ядролық қару-жарақтан құтулу, терроризмге, эстремизмге қарсы, адам құқығын сақтау, халықаралық құқықтардың сақтау, оны қорғау, оны дамыту ары қарай. Қазіргі кезде кибершабуыл бар. Одан кейін неше түрлі аурулар, миграция, өзге де сынақтармен күресу. Пайдалы болды, өйткені Елбасымыз 30 дамыған елдің қатарына кіруіміз керектігін айтқан.  

ХХVII сессия аяқталысымен қатысушылар қорытынды құжат – Берлин декларациясына қол қойды. Енді депутаттар келесі кездесуге дайындалып жатыр. Айта кетейік, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік ассамблеясының күзгі сессиясы Бішкекте өтеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы