352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сирия дағдарысы: тараптардың Х кездесуі Сочиде өтіп жатыр

  • 157

Бүгін Сочиде Сирияға қатысты астаналық форматтағы кезекті халықаралық кездесу басталды.

Астана процесінің осыған дейінгі 9 кезеңі Қазақстанда өткен. Ресей сыртқы істер министрлігі тараптардың оныншы раундын Сочиде өткізу шешімін келіссөздерге жаңа тыныс беру ниетімен түсіндіріп отыр. Бұл жолы саяси және гуманитарлық мәселелерге көбірек көңіл бөлінбек.

Сирия шиеленісін реттеудің әскери тұстары Астанада талқыланса, саяси мәселелер бойынша келіссөздер Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңында өтетін. Сириядағы бітімге кепілгер болған елдер, яғни Ресей, Иран және Түркия өкілдері бүгінгі кеңесулерін жабық түрде өткізіп отыр. Ал пленарлық мәжіліс ертең Сочидегі Конгресс-орталықта өтуге тиіс. Тараптар елдегі жалпы ахуалды және деэскалация аймақтарында қалыптасқан жағдайды, өзара сенімді нығайту шаралары мен босқындарды қайтару мәселелерін талқылайды. Біріккен Ұлттары Ұйымынан келіссөздерге Стаффан да Мистура қатысады. Ұйым сарапшыларының тобы кепілгер елдерге техникалық көмек береді. Бұл әсіресе қамауға алынған немесе хабарсыз кеткен адамдарға қатысты болмақ. Сочиге Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди шақырылған. Сондай-ақ келіссөздерге ресми Дамасктің де өкілі қатысады. Ал сириялық қарулық оппозиция өкілдерінің келер-келмесі екіталай.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы