359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

12 тамыз күні Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бекітіледі

  • 212

12 тамыз күні Ақтауда Каспий маңы елдерінің V саммиті өтеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен жиынға Әзербайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан елдерінің басшылары қатысады.

Алдын ала мәлімет бойынша саммитте Каспийдің құқықтық мәртебесі бекімек. Яғни теңіздің түбі де, беті де, ондағы табиғи ресурстар да бөліске түседі. Кімге не бұйырады? Мәселенің 20 жылдан бері күн тәртібінен түспей тұруына не себеп?

Бұған дейін де Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары төрт мәрте кездесті. Әр жиында әйтеуір бір келісім бекіді. Екі жақты, үш жақты декларацияларға қол қойылды. Алайда Каспийдің ана бетіндегілер мен мына бетіндегілердің пікірі тоғыспаған бір мәселе бар. Ол теңіздің акваториясын бекіту. Қазақстан, Ресей және Әзербайжан Каспийді ортақ сызық принципі негізінде бөлуді ұсынды. Тек Иранға бұл ұсыныс жақпады. Ресми Тегеран теңізді теңдей, яғни бес мемлекеттің әрқайсысына 20 пайыздан бөлуді қалады. Өйткені басқалай Иранға «май шелпектің» майлы жері бұйырмас еді.

Санат Күшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

- Тараптар ортақ мәмілеге келмек. Теңіз түбін бөлгенде Қазақстанның үлесі 27 пайыз. Сондықтан біздің елдің экономикалық мүддесі қорғалады деп, сеніммен айта аламыз. Өзге елдер де бұл конвенцияны қабылдауға мүдделі. Осы құжат негізінде олар теңіз қойнауын игеруге, ресурстарды экспорттауға мүмкіндік алады.

Теңіз теңдей бөлінбейді. Отандық сарапшылардың пікірінше, каспийлік бестік ортақ сызық принципін қабылдаған сынайлы. Әлбетте қойнауы мұнайға да, бекіреге де бай Каспийге әркімнің таласы бар. Батыстың «санкция соғысы» Ресей мен Иран үшін серіктестікті тереңдетудің кілтін табуға итермеледі. Бұл тұрғыдан Каспий тығырықтан теңіз арқылы шығудын бір жолы. Ал мұхитқа шығатын жолы жоқ Қазақстан үшін бұл экономикалық мәселеде де, геосаяси тұрғыдан да серпіліс болады дейді мамандар.

Анастасия Решетняк, ҚСЗИ сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің бас ғылыми қызметкері:

- Келіссөздер барысында Қазақстан үшін маңызды мәселелердің бірі мұхитқа шығар жолы жоқ мемлекет ретінде, Каспий арқылы сауда порттарына жол ашу еді. Мысалы, Иран арқылы  еліміз Парсы шығанағына шыға алады, ал Ресей арқылы солтүстік теңіздерге қатынайды. Біз транзиттік әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік аламыз.

Мәншүк Мақсұтқызы, тілші:

- Қарт Каспийдің тағдыры бірер күннен кейін шешіледі. Қалай болғанда да, «Каспий бестігінің» әрқайсысы «жіліктің майлы басынан» үмітті. Ал сарапшылардың пікірінше, 20 жылдан бері күн тәртібінен түспей тұрған мәселенің нүктесі осы жолғы саммитте қойылады және Каспийдің құқықтық мәртебесін бекіткеннен Қазақстан ұтпаса, ұтылмайды.

Хабар 24 телеарнасы